home home

Арман жетелеген жас ұрпақ...

Адамзат қай кезде де келешек ұрпаққа зор үмітпен қарады. Даналығымен ерекшелене білген бабаларымыздың «Ақыл – жастан, асыл – тастан» дегенінен-ақ олардың келешекке үлкен үміт артып, ұрпағына сеніммен қарағанын білуге болады. Әйтсе де, заманның өзгеруіне қарай әке мен баланың арасындағы пікірталастың болғанын, әрі оның қазір де жойылмайтынын жоққа шығара алмаймыз. Бұл әсіресе алуан түрлі жаңалықтардың күнделікті тұрмыс-тіршілікке ғана емес, адамдардың сана-сезімдеріне қарқынмен сіңіп жатқан қазіргі ақпарат дәуірінде байқалады.
Түрлі авторлардың шығармалары мен ертегілерді оқып өскен және ғарышкер, инженер, дәрігер немесе ұстаз болуды армандаған осыған дейінгі буындардың XXI ғасыр жастарынан ерекшеленетіні анық. Бүгінгі жас ұрпақ мамандық таңдауға келгенде бала кезден-ақ «балама тек жақсылық тілеймін» деген ата-анасының тарапынан белгілі бір қысым көретінін айтуда. Яғни, көптеген жағдайда ата-ата баласының қалауына құлақ аспай, оның өз жолы, көздеген, көксеген арманы барын елемейді, оның өзі таңдау жасау керектігін ұмытып жатады.
Қалай дегенде де, кез-келген тілекші және қамқоршы ата-ана перзентінің болашағына келгенде оған барынша жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және лайықты білім беру үшін қолынан келгенін аянбайды. Соның ішінде, баласы бар әр отбасында білім беру стратегиялық және мерзімділігі жағынан өте маңызды іс болып табылады.
Қазірде елімізде қолжетімді және сапалы білім беру үшін көптеген жағдайлар жасалуда. Осы ретте, Елбасымыз өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында білім беру жүйесін жаңғырту бойынша қадамдарды айқындап көрсеткен болатын. Соның ішінде, білім беру қызметтерінің нәтижелілігі мен қолжетімділігін арттыруды басты бағыттардың бірі ретінде ерекше атап өтті.
Осы мақсаттарда мемлекеттің өз халқының білім деңгейін көтеріп, сәйкесінше оның әлеуметтік-экономикалық өсуіне және әл-ауқатына мүдделілігінің көрсеткіші болып табылатын Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (бұдан әрі – МБЖЖ) елімізде қызмет ете бастағалы бір жылдан асты. Осы жүйе арқылы Қазақстанның кез келген азаматы өзінің не балаларының оқуына қаражат жинақтай алады.
Тәжірибе көрсеткендей, депозиттің бұл жаңа түрі халық арасында үлкен сұранысқа ие болған келешекке жоспарланып есептелген қаржы құралына айналды. Жылдың басында ұлттық валютамыздың долларға шаққандағы бағамы күрт құлдырағанына қарамастан, жаңа жүйенің Операторы – «Қаржы орталығы» АҚ-да жаңадан ашылған білім беру салымдарын тіркеу жұмысы үзілген емес. Бүгінгі таңда жүйе бойынша салымшылардың қатары сегіз мыңнан асады.
Өткен жылдың желтоқсан айында МБЖЖ-ға жаңа банктер қосылғаннан кейін білім беру салымдарының саны айтарлықтай көбейді. Қазіргі таңда депозиттің бұл жаңа түрін «Темірбанк» АҚ, «БТА Банк» АҚ», «Қазақстан Халық банкі» АҚ және «Цеснабанк» АҚ сияқты екінші деңгейлі төрт банкте ашуға болады.
Халық банкінен басқа аталған банктердің шарттары өте ұқсас. Мәселен, Темір, БТА және Цеснабанкте бастапқы жарнаның мөлшері бірдей, 3 АЕК. Яғни, бұл банктерде депозит ашу үшін шамамен 6 000 теңге жеткілікті. Ал, Халық банкінде бұл сома көбірек, мұнда МБЖЖ салымшысы болу үшін кемінде 15 000 теңге салу қажет. Депозит бойынша сыйақы мөлшерлемесін әр банк өзінің ішкі саясатының негізінде өз бетінше белгілейді. Мысалы, Темір және БТА банктерінде тиімді сыйақы мөлшерлемесі жылдық 8% болса, Халық банкінде ол салымның мерзіміне қарай 8% немесе 9%, ал Цеснабанкте – 10%. Банктік сыйақы ай сайын капиталға айналдырылып, салымшының есепшотына түсіп отырады.
Белгілі болғандай, банктің сыйақысынан бөлек білім беру салымына 5%-дан 7%-ға дейінгі мөлшерде мемлекет сыйлықақысы есептеледі. Бұл білім беру салымының басқа депозиттерден басты ерекшелігі. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы салымшылар басымдылықты санатқа жатқызылады және 7% мөлшеріндегі мемлекет сыйлықақысына ие бола алады. Олар: жетім балалар, мүгедек балалар, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар, көп балалы отбасылардан шыққан балалар. Басқа салымшыларға мемлекет жыл бойы жинақталған жалпы сомаға 5% мөлшерінде сыйлықақы есептейді.
Жинақтау мерзімі 5-7 жыл, 10-12 жас шамасындағы балалардың атына ашылған салымдар оңтайлы және экономикадағы өзгерістерге әлдеқайда төзімді болып есептеледі. Бұл жаста балалар бастауыш сыныптарда оқиды және қажетінше назар аударған жағдайда кез келген ата-ана өз баласының шама-шарқын, қай бағытқа бейімді екенін байқайды және балаға келешекте материалдық жағынан қолдау көрсету үшін мектептегі «соңғы қоңырауға» дейін алдын ала дайындалуға уақыты барын түсінеді.
Салымшы МБЖЖ шеңберінде салым енгізудің мерзімділігін өз қалауынша белгілей алады, яғни ол депозит ашқаннан кейін кез келген уақытта кез келген соманы енгізуге құқылы. Бір ғана шарт – Халық банкінде енгізілетін жарнаның сомасы 10 000 теңгеден кем болмауы тиіс. Мұндағы жарна енгізу мерзімділігі де басқа екінші деңгейлі банктердегідей, яғни салымшы мұны өзіне ыңғайлы кез келген уақытта жасай алады.
Жинақтау мерзімі аяқталар кезде білім беру салымындағы ақшаның 60%-ы салымшының енгізген қаражатынан, 23%-ы банктің сыйақысынан және 17%-ы мемлекет сыйлықақысынан құралатын болады. Ал, бұл Қазақастанның кез келген азаматы МБЖЖ-ның көмегімен өзінің білім алуға шығыстарының жартысын дерлік қысқарта алады деген сөз.
Айта кетер жайт, егер бала грантқа оқуға түссе, салымдағы жинақталған қаражат мемлекет сыйлықақысымен және банктің сыйақысымен қоса толықтай салымшының иелігіне өтеді. Өз кезінде ол салымды қолма қол ақшамен алуға, жинақтауды жалғастыруға немесе салымды үшінші тұлғаның атына қайта ресімдеуге құқылы. Осылайша, мемлекет жоғары сынып оқушыларының үздік оқып, білім грантын алуға ынтасын қолдайды.
Сонымен қатар, отандастарымыздың елдегі қандай болмасын оқиғалар мен өзгерістерге қарамай балаларының болашағына сеніммен қарайтыны және оған қазірден бастап дайындалатыны қуантады. Бұған МБЖЖ салымшылар санының күннен күнге көбеюі дәлел. Олардың арасында бір жасқа толмағандары да бар.
Депозит ашқан кезде әр ата-ана көп үміт күтіп, біраз күмәнданады, әйтсе де әке мен шешенің бауыр еті – баласына деген тілектестігі қашан да басым түседі. Сондықтан, бүгінде әке мен бала көзқарасының арасындағы қарама-қайшылықты тоқтатып, мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігіне жүгіну арқылы білім беру салымын ашып, бүгіннен бастап қаражат жинақтап, келекшекте балаға өзі қалаған мамандығын таңдауға ерік берудің мәні зор.
Толық ақпаратты сайтта алу болады: www.fincenter.kz

Жаңа сайттың дизайнын қалай бағалайсыз?
Өте жақсы
Жақсы
Онша емес
Ескі дизайн жақсы болған
Нашар

Дауыстар мұрағаты


Мекен-жай

Қарағанды қ., Әлиханов к.19, 100008

Телефон

8 (7212) 41 13 19

Әлеуметтік желілер

© 2015 «Қарағанды облысының білім басқармасы» ММ
Сайтты әзірлеу және қолдау: «Creatida» Интернет компаниясы